Күнгей мен теріскейді бөліп тұрған қарт Қаратауда мекен етіп келе жатқан бірегей эндем - Қаратау арқары, көрсең көзің тоймайтын ғажап аң. Қорық құрылғанға дейін бұл жануардың саны жойылып кету қауіпі деңгейіне жеткен. Қаратау қорығы құрылған жылы небәрі 38 бас арқардан қазіргі таңда 1317 басқа жетіп отыр.

Адам мен табиғат егіз ұғым деп айтсақ қателеспейміз, себебі «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ...» деген ертеректен келе жатқан сөз бекер айтылмаса керек. Егер табиғаттағы тепе-теңдік жоғалатын болса, адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін. Адам үшін табиғат – ең қасиетті де қастерлі ұғым. Өйткені, адамның өз қызметі арқылы табғатқа тікелей әсер етеді. Табиғатты адамның зиянды әрекеттерінен қорғауға бағытталған нормалар жиынтығы экологиялық құқық деп аталады. Адам әрекетінің салдарынан әлемдегі экологиялық ахуал күрт нашарлағаны соншалық, қазіргі уақытта бұл әлемнің кейбір аймақтарында адамның тұрмыс тіршілігімен қоса оның өмірі үшін де үлкен қатер тудырып отыр.  Табиғат тозуда, онымен бірге адамзатта тозып барады, қоршаған ортаның ластануы нәтижесінде халықтың денсаулығы да нашарлап келеді, тұқым қуалайтын аурулар, психикалық және туа біткен аурулар саны өсуде, қатерлі ісік, жұқпалы және вирусты аурулардың таралуына әкеліп соғуда. Осының салдрынан жыл сайын әлемде 9 млн. адам көз жұмады. Соңғы 20 жылда қоршаған ортаның ластануынан адам өлімі 66 пайызға артқан екен.

Бүгінгі таңда барлық мемлекеттер экологиялық ахуалды қалпына келтіру жөнінде іс-шаралар қолдануда.  Біздің елімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жыл сайын «Парктер шеруі» табиғатты қорғау ақциясы өткізіледі.

Қаратау қорығыда жыл сайын жергілікті халықты табиғатты қорғау іс-шараларына тарту, сондай-ақ олардың табиғатқа деген оң көз қарастарын дамыту мақсатында «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясын  өткізеді. Акция нәтижесінде жергілікті тұрғындар, мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындарының студенттері аумақты санитарлық тазалауға және жасыл желек отырғызуға атсалысып, түрлі байқаулар мен акцияларға қатысады. Осылайша, олар табиғатты қорғау керек деген түсінікте табиғатты жалпы адамзаттық құндылық ретінде таниды. Алғашқыда, яғни қорық құрылған тұста жергілікті тұрғындар арасында түсініспеушіліктер көп болды, алайда жүйелі, әрі тиімді атқарылған жұмыстар арқасында қазір қорық қызметін қолдаушылар саны артты.

Акция аясында «Халықаралық құстар күні», «Қызғалдақтар күні», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», «Жер күні» атты іс-шаралары өткізіліп, келушілерге оқу – семинар сабақтары мен түрлі бейнероликтер таныстырылып, экскурсия ұйымдастыру дәстүрге айналған.

Президентіміз Қ.Тоқаевтың 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауына байланысты Қаратау қорығының қызметкерлері Кентау қаласының, Хантағы ауылының әкімдіктерімен бірлескен іс-шаралар өткізіп келеді және президентіміздің еріктілерге көрсетіп отырған қолдауы нәтижесінде қаламызда алғашқылардың бірі болып қорыққа іргелес орналасқан жоғарғы, орта арнаулы оқу орындарының студенттерінен «ЭКО ERIKTI» ұйымы, ауыл және қала мектептерінен «Жас орманшылар» тобы құрылып, өзара ынтымақтастық туралы екіжақты меморандум бекітілді. Олар өз кезегінде қорық қызметін насихаттауға, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етуге, тау бөктерлерінде демалушыларға табиғат аясында мәдениетті демалуға шақыру жұмыстарында көмектерін аямайды, сонымен қатар тазалық жұмыстарына, қаламызды, тау бөктерлерін көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысып атсалысады. 

Цифрлық технологияның дамыған уақытында қорық қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы бізді қоршаған ортаның маңызын, оны болашақ ұрпақтарға табиғи қалпында жеткізу қажеттігін, қорық қызметі туралы түсіндірме жұмыстарын үздіксіз жүргізіп, экологиялық мәдениет ұғымын жоғарылатуға өз септігімізді тигізудеміз.

 

Директордың орынбасары С.А. Менлибеков

Еліміздің флорасы пайдалы өсімдіктерге, оның ішінде дәрілік өсімдіктерге өте бай. Қазір елімізде 500-ден астам дәрілік өсімдіктер өседі деп есептеледі, алайда олардың саны одан көп болуы мүмкін. Жалпы дәрілік өсімдіктер қатарына дәрілік өсімдіктер, оларға жақын түрлер, халықтық медицинада қолданылатын өсімдіктер мен биологиялық белсенді заттардың көздері кіреді. Егер осыны ескеріп есепке алатын болсақ дәрілік өсімдіктердің қатары бірнеше есеге көбейетіні сөзсіз. Ертеректе дәстүрлі медицина дамымаған уақытта халық арасында емшілер халықтық медицинаның қыр сырын меңгеріп алдына келген науқасты дәрілік шөптерден жасалынған дәрілердің көмегімен емдеген.

Қаратау арқары Қазақстанда кездесетін 5 арқарлар түршесінің ең бір - ерекшесі.

Біріншіден - ол Қаратау жотасының эндемигі, екіншіден - Қазақстанда кездесетін арқарлардың ішіндегі ең майдасы, қара қоңыр түсті, бас сүйегі кішілеу, мүйіздері  қатты

қайырылған (аналығының мүйізі жіңішке, әрі қысқа).

«Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» мемлекеттік мекемесі құрылғаннан бері, мекеменің ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкерлері оларды бақылау жұмысын ұдайы жүргізіп келеді. Жыл сайынғы жоспарлы санақ жұмыстарынан басқа, бөлімнің ғылыми жұмыс жоспарына сәйкес жоспарлы экспедициялар ұйымдастырылады. Біздің қазіргі міндетіміз олардың өсу динамикасын, қоныс аудару жолдарын бақылаумен қатар, олардың жыл мезгіліне орай жайылымдарын анықтау, жем- шөп құрамын зерттеу. Сонымен қатар,  табын арасындағы қарым - қатынастарды зерттеу.

Осындай бір ғылыми - зерттеу экспедициясы барысында 2024 жылдың 3 наурыз күні Қазанбұлақ шатқалында мынадай жайттар анықталды. Сағат 1020, күн ашық. Қаратау арқарын бақылауға шықтық. Сағат 1105- те сайдан жайылып көтеріліп келе жатқан 10 бас ешкіні байқадық. Олар бізді аңғармады. Дереу өзенге түсіп, жасырынып барып, олардың алдын орап, бақылау жүргіздік, ешкілер емін - еркін жайылып, келесі кезге көтерілді. Сол сәтте біз олардың 12 бас болғанын көрдік, фотосуретке түсіру үшін жақындаған сәтімізде олар бізді байқап қалды. Сол мезетте, олар шатқал ішіне көз тігіп, ілгері жүріп, сәлден кейін қайтак кері жүріп кетті. Сағат 1155- те біз ілгері барып, олар көз тіккен жаққа қарағанымызда 500 метр шамасындағы қашықтықта жайылып жүрген тағы бір топ арқарды көрдік. Олардың біреуі жатыр, қалғандары емін – еркін жайылуда. Біз төменге түсіп із кестік, сол жерде бір топ арқардың жайылып, қазір біз бақылап отырған топтың бағытына қарай кеткенін анықтадық. Демек, біз бақылап отырған арқарлар осы жерден көтерілген. Ал, бір із сол топтан қалып қойған ешкінікі, ол кейіннен жайылып келген топқа қосылған. Ешкілердің сол жаққа қарап, ілгері,  кейін қайта кері жүруінің мәнісі енді түсінікті болды.

Арқарлардың табыны немесе тобы туралы әркім әртүрлі пікір айтады. Мысалы, П.И.Вайнберг (1984) және А.П.Бербер (2007) табын немесе топ – аралары бір - бірінен 200 метр қашықтықтан артық емес екі немесе одан да көп жануарлар деп пайымдайды. Біз де осы пікірді ұстанамыз. Демек, арқарларда, мысалы қасқырлар сияқты бір  топқа деген берілгендік жоқ. Олар бір себеппен өз табынынан қалып қойса келесі табынға қосылып, соның толық қанды мүшесі болып кете береді.

Міне, осы арқылы қаратау арқарын бақылау жолында талай тосын, тың жайттар анықталып жатқанын көрдік. Сондықтан, біз қаратау арқарын бақылау жолындағы жұмыстарды саналы және сапалы жүргізу арқасында олардың тыныс - тіршілігін терең анықтап, зерттеп ол мәліметтерді келешекте қаратау арқарын сақтап, молайту барысында қолданамыз.

Е.Сембиев    

«Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» мемлекеттік мекемесінің

ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері     

20 жылдық тарихы бар Қаратау қорығы – еліміздегі ең жас табиғат қорғау мекемесінің бірі. Экологиялық ағарту және туризм бөлімі Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы ҚР 2006 жылғы 7 шілдедегі № 175 заңының 42 бабына сүйене отырып қызмет атқарады. Қорықтың экологиялық-ағартушылық қызметi: биологиялық саналуандықты сақтау функцияларын орындауының қажеттi шарты ретiнде қорық iсi идеяларын халықтың қалың топтарының қолдауын қамтамасыз ете отырып экологиялық мәдениеттi қалыптастыру мен дамыту мақсаттарында жүзеге асырылады.

Мектеп оқушылары, студенттер және жалпы тұрғындар арасында ағарту жұмыстарын жүргізу – мекемедегі экоағарту және туризм бөлімінің негізгі бағыты болып табылады.

Құстарды латын тілінде Aves дейді. Омыртқалы жануарлар тип тармағының бір класы. Құстар – жылықанды омыртқалы жануарлар. Олардың қауырсындары жылуды сақтауға және ұшуға бейімделген. Артқы екі аяқтарымен жүреді, ал алдыңғы аяқ-қолдары қанаттарға айналған. Құстардың басқа омыртқалы жануарлардан айырмашылығы олардың ауада ұша алатындығы, алдыңғы аяғы қанатқа айналған, төс, сан және мойын бұлшық еттері жақсы жетілген, сүйектері жұқа, көбінің іші ауаға толы қуыс болғандықтан және бір-бірімен жіксіз тұтасатындықтан, қаңқасы жеңіл әрі берік. Құстардың денелері жеңіл болғанымен, мықты және ұшуға ыңғайлы болады. Ұшпайтын құс түрлері де бар. Құстардың барлығы жұмыртқа салады. Құстар Арктикадан Антарктика жағалауларына дейінгі барлық табиғи белдемдерде таралған. Оларды мекен ететін орындарына қарай орман, ашық дала, батпақты - шалшықты және су құстары деп те бөліп жатады. Тез ұшатын үкіжапалақ, басқа да жыртқыш құстардың көзі жақсы жетілген. Иіс сезу көп құстарда жетілмеген, ал дыбыс есту қабілеттілігі жақсы дамыған. Құстардың көру және есту органдарының жақсы дамуы, олардың алыс және жақын кеңістіктерді игеруіне, мезгілімен қоныс аударып, түрішілік және түраралық қатынас жасауына әсер етіп, құс тіршілігінде маңызды рөл атқарады. Құстар өсімдіктерді тозаңдандырып, олардың тұқымдарын таратады, зиянды жәндіктер мен кемірушілерді құртып, олардың табиғаттағы санын реттеуге қатысады.

Құстар әлемі әрқашан өздерін тамсандырып, адамдардың назарын өздеріне аудара білген. Олар жер шарының кез келген жерінде солтүстік мұзды мұхиттардан бастап, ну ормандарда, шөлдер мен шөлейттерде, халқы тығыз болатын қалаларда мекен етеді. Жыртқыш құстар әдетте Антарктидадан басқа құрлықтардың бәрінде тіршілік етеді. Дене тұрқына қарай 60 грамнан 12 килограмға дейін жетеді. Қазақстан аумағында әр мезгілдерде құстардың 500-ден аса түрі кездеседі, ал оның ішінде 126 құс түрлері Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы аумағында кездеседі. Олардың 20 түрі жыртқыш құстар. Атап айтсақ: қаракезқұйрық, түз құладыны, дала құладыны, шалғын құладыны, саз құладыны, қаршыға, қырғи, тілеміш, жыланжегіш, бақалтақ қыран, дала қыраны, бүркіт, сақалтай, жұртшы, тазқара, ақбасқұмай, ителгі, жағалтай, дала күйкентайы, кәдімгі күйкентай. Отырықшы түр ретінде бүркіт, тілеміш, сақалтай, кәдімгі күйкентай кейде тазқара, ақбасқұмай құсы қыс мезгілінде де кездесіп тұрады. Ең ірі түрлері тазқара ақбасқұмай, дала қыраны, бүркіт, жұртшы, сақалтай.

Табиғаты бай, әрі кең байтақ қазақ даласында жануарлардың көптеген өкілдері таралып, тіршілік етуде. Қаратау жотасы ежелгі әрі әсем табиғи көріністердің бірі. Бұл өңір археологиялық және этнографиялық ескерткіштерге бай. Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы қарт Қаратау жотасының орталық бөлігінде 34300 га жерді алып жатыр. Қорықтың флорасы мен фаунасы алуан түрлілігімен бағалы.

1 бет. Барлығы: 2

1galaweb1