Экологияны қорғау мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Бірге – Таза Қазақстан!» республикалық акциясы аясында Қаратау қорығының ұйымдастыруымен ерекше форматтағы спорттық шара – плоггинг жарысы өткізілді. Жарысқа жастар ресурстық орталығының еріктілері мен қызметкерлері белсене қатысып, қоршаған ортаны қоқыстан тазарту ісіне өз үлестерін қосты. Іс-шара Хантағы өзенінің бойында, көркем табиғат аясында өтті. Бұл жер тек спортпен шұғылдануға ғана емес, табиғатты аялаудың маңызын ұғынуға таптырмас орын болды.
Плоггинг – бұл жүгіру мен қоқыс жинауды қатар жүргізетін экологиялық спорт түрі. Ол Швецияда пайда болып, бүгінде әлем бойынша кеңінен танылып келеді. Қазақстанда да бұл қозғалыс қарқын алып, жастар арасында танымал болуда.
Шара барысында қатысушылар өзен жағалауын бойлай жүгіріп, жолай шашылған қоқыстарды жинады. Нәтижесінде бірнеше қап тұрмыстық қалдықтар жиналып, арнайы орындарға сұрыпталып тапсырылды.
Жарыстың негізгі мақсаты – жастарды экологиялық мәдениетке баулу, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, сондай-ақ еріктілік рухын көтеру болды.
Іс-шара соңында белсенді қатысушылар мен үздік еріктілер марапатталып, оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының қызметкері
Батырбекова Мариям Серікқызы