Құқықтық мәртебесі және құрылу тарихы


Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы республикалық мемлекеттік мекеме нысанындағы заңды тұлға мәртебесіне ие. Мемлекеттік басқару органы, сондай-ақ мемлекеттік мекеменің мүлкіне қатысты құқық субъектісі ретіндегі функцияларды жүзеге асыратын орган – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті болып табылады.

2002 жылы Батыс Тянь-Шань аймағының солтүстік-батыс бөлігінің биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында, Орталық Азияның трансшекаралық жобасы – Ғаламдық экологиялық қор (ҒЭҚ/БҰҰДБ) аясында Сырдария Қаратауы жоталарының төмен және орта таулы жүйесін қамтитын Қаратау қорықшасын құру туралы шешім қабылданды. Қорық 2004 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №249 қаулысымен ««Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» мемлекеттік мекемесін құру туралы» құрылды.

            Қаратау қорығын құрудың мақсаты


Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы Сырдария Қаратауының орталық бөлігінде қаратау арқарларының популяциясын сақтау және тар эндемикті әрі сирек өсімдіктер түрлерінің жергілікті таралу аймақтарын қорғау мақсатында құрылған.

Сырдария Қаратауы бұрыннан Қазақстанның ең қызықты әрі бірегей өңірлерінің бірі ретінде белгілі, себебі оның өсімдік жамылғысының ерекшелігі, эндемик және сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің көптігімен сипатталады. Бұл таулы өңір ежелгі-Жерорта теңіздік ландшафттардың таралуымен ерекшеленеді және табиғи экожүйелердің өзіндік жиынтығына, ерекше флоралық-фаунистік құрамға және ценотикалық әртүрлілікке ие. Тек Қаратауда ғана арқардың бір тармақты түршесі – қаратау арқарларының сирек әрі жойылып бара жатқан популяциясы кездеседі. Қорық құрылғанға дейін қаратау арқарлары жойылудың шегінде тұрған болатын.

            Орналасуы


Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы Батыс Тянь-Шаньның солтүстік-батыс сілемі болып табылатын Қаратау жотасының орталық бөлігінде орналасқан. Әкімшілік тұрғыдан алғанда қорық Түркістан облысының аумағында, Түркістан қаласы әкімдігінің қарамағына жататын аумақта орналасқан. Қаратау таулары Мойынқұм, Қызылқұм және Бетпақдала шөлдерімен шектеседі.

 

            Аумағы


Қорықтың жалпы аумағы 34 300 гектарды құрайды. Қорық екі учаскеден тұрады: Бессаз және Таңбалытас. Қорғау аймағының аумағы – 17 490 гектар. Резервтік жерлердің аумағы – 5 700 гектар.

            Қорық аумағына қолжетімділік


Таулы жер бедері мен жолдардың болмауы қорық аумағын автокөлік үшін қолжетімсіз етеді. Теміржол және асфальтты тас жолдар жоқ. Қорыққа тек инспекторлық кордондарды байланыстыратын грунтты, тастақты, таулы соқпақ жолдар апарады, таудың ішкі бөлігіне тек атпен немесе жаяу ғана өтуге болады. Таулы маршруттар жануарлар соқпақтары бойымен өтеді. Қорықтың солтүстік шекараларына дейін Ащысай, Шолаққорған, Таукент, Сызған елді мекендері арқылы өтетін асфальтталған автожолмен жетуге болады. Қолданыстағы грунт жолдары мен таулы соқпақтар маусымдық сипатқа ие, қыс мезгілінде қар үйінділеріне байланысты уақытша жабылып қалады.

Қаратау мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасқан елді мекендер Сузақ ауданының аумағында, 5–28 км қашықтықта орналасқан: Сызған ауылы (17 км), Шолаққорған ауылы (28 км), Абай ауылы, Таукент кенті, Балдысу ауылы, сондай-ақ Кентау қаласына қарасты елді мекендер (Хантағы кенті – 15 км, Байылдыр кенті – 19 км).

Қорықтың орталық кеңсесі Кентау қаласында, Түркістан қаласынан 26 км қашықтықта орналасқан. Кентау мен Түркістан қалалары автомобиль жолы арқылы байланысады. Кеңсе аудандық және облыстық орталықтармен жергілікті маңызы бар асфальтталған жол арқылы жалғасқан. Әкімшілік кеңседен қорық аумағына дейінгі қатынас автокөлікпен асфальтталған жергілікті жолдар арқылы жүзеге асырылады: кеңседен қорық шекарасына дейін оңтүстік макросклон бойынша 12–28 км, солтүстік макросклон бойынша 170 км қашықтықты құрайды.

            Климат
Қаратау жотасының климаты жалпы алғанда күрт континенттік, қуаң болып келеді, алайда таудың ішкі бөліктерінде жұмсара түседі. Ауа температурасының тәуліктік және маусымдық ауытқулары айтарлықтай жоғары. Климат түзуші факторлардың жиынтығы бұл аймақта ашық күндердің көп болуымен және ыстық, құрғақ ауа райының басымдығымен сипатталады.

Абсолюттік ең төмен температура солтүстік бөлігінде (Сызған) –30 °C-қа дейін, ал оңтүстік бөлігінде (Хантағы, Біресік) –25 °C-қа дейін төмендейді. Жаз айларында (шілде–тамыз) тау етегіндегі жазықтарда абсолюттік максимум +42 °C, +45 °C, кейде +48 °C-қа дейін жетеді.

Көктем жылы әрі ылғалды, жаз ұзақ, салыстырмалы түрде құрғақ және ыстық, күз жылы және орташа құрғақ, қыс ылғалды, суық, орташа ұзақтығымен сипатталады. Оңтүстік макросклон мен Солтүстік макросклонның, яғни Түркістан және Сузақ учаскелерінің климаттық жағдайларында айтарлықтай айырмашылық бар: Сузақ ауданының климаты қаталдау, қысы суығырақ болып келеді.

            Жер бедері


Қаратау тау жүйесі шамамен 420 км-ге созылып, Тянь-Шань тау өлкесінің ең солтүстік-батыс шеткі сілемі болып табылады. Қаратау өңірінің оңтүстіктен солтүстікке қарай едәуір созылуы, оның Присырдария–Қызылқұм және Бетпақдала–Мойынқұм сияқты екі бір-бірінен қатты ерекшеленетін шөлді аймақтардың шекарасында орналасуы, сондай-ақ Батыс Тянь-Шаньның биік таулы жүйелеріне жақын немесе алыс орналасқан әртүрлі бөліктері Қаратаудың табиғи кешендерінің, өсімдік жамылғысының және тіпті биіктік белдеулік құрылымының әркелкі болуына әсер етеді.

Ең биік нүкте Мынжылқы тау түйініндегі Бессаз шыңы болып табылады, оның биіктігі теңіз деңгейінен 2176 м-ге жетеді. Ең төменгі биіктіктер тау етегінде 350–500 м (кей жерлерде 700 м-ге дейін) аралығында байқалады.

Солтүстік және оңтүстік макросклондар айқын көрінеді, олар Беркуты диагональды қатпарымен және Қараадыр қалдық таулар тобының әсерімен күрделенген. Басқа аумақтарда параллель орналасқан қалдық жоталар мен куэсталар жүйесі, немесе оқшау орналасқан, қия беткейлі және жазық төбелі жеке қалдық таулар кездеседі. Бұл аумақтар уақытша және тұрақты су ағындары кесіп өткен шатқалдармен бөлінген, сондай-ақ кең тауаралық ойыстар, үстірт тәрізді жазықтар мен жұмсақ төбелі қыраттармен сипатталады.

 

            Геология
Сырдария Қаратауы – жиі бір-бірінен оқшауланған және бөлшектенген аласа таулар жүйесін құрайды. Қаратау таулары негізінен докембрий және палеозой дәуірлерінің шөгінді жыныстарынан, ал тау етектері палеоген және неоген шөгінді қабаттарынан түзілген. Орта Азия аумағында ең ежелгі докембрийлік тақтатас қабаттары дәл осы Қаратауда кездеседі. Қорық аумағында пайдалы қазбалар кен орындары жоқ.

            Топырақ жамылғысы


Аумақтың топырақ жамылғысы өте алуан түрлі. Орталық Қаратаудың оңтүстік-батысын қоршаған тау етегі жазықтарында лесс жыныстарында қалыптасқан солтүстік ашық сұр топырақтар таралған, олар оңтүстікке қарай оңтүстік сұр топырақтарға ауысады. Қаратау тауларында таулық кәдімгі сұр топырақтар кең таралған, ал ең биік биіктік белдеулерінде таулық ашық қоңыр және қою қоңыр топырақтар кездеседі.

            Гидрология
Қаратау жотасының гидрографиялық желісі Арал–Сырдария (ағынсыз) алабына жатады. Жотаның өзінде өзен торы жақсы дамыған. Оңтүстік-батыс беткейдегі өзендер Сырдария өзені мен оның оң саласы Арыс өзенінің алабына кіреді. Солтүстік-шығыс беткейдің өзендері Шу өзені алабына жатады. Оңтүстік-батыс беткейдің өзендері (Баялдыр, Біресік, Хантағы, Талдыбұлақ және т.б.) жотаның суайрығына жақын, 1000–2000 м биіктіктен бастау алады. Солтүстік-шығыс беткейдің өзендері қысқа, ұзындығы 8–15 км-ден аспайтын шағын ағын сулар болып келеді.

Қорық үшін көптеген бұлақтардың болуы тән, олар көптеген өзендердің бастау көзі болып табылады. Сулары негізінен тұщы, минералдануы 1 г/л-ге дейін, сапасы жоғары, гидрокарбонатты кальцийлі немесе гидрокарбонатты кальций-магнийлі құрамға ие. Тау етегі жазықтарында суару мақсатында су арықтар жүйесі арқылы кеңінен пайдаланылады.

Қорық аумағы мен оның резервтік аймағында гидрографиялық желі Байылдыр, Біресік, Хантағы, Қошқарата, Арпаөзен, Үлкен Қарақұыс, Итмұрын өзендерімен сипатталады.

Байылдыр, Хантағы және Біресік өзендері қорықтың негізгі су артериялары болып табылады және Сырдария алабына жатады. Сонымен қатар қорық аумағында көптеген шағын өзендер бар: оңтүстік макросклонда – Балтабай, Жынғылшық, Балаөзен, Тарөзен, Түйетас, Құрсай, Талдыбұлақ; ал солтүстік макросклонда – Қазанбұлақ, Итмұрын, Арпаөзен, Үлкенқарақұыс және Кішіқарақұыс. Көлдер жоқ.

1galaweb1