Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың парызы, табиғатты аялау – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Осы мақсатта елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы да белсене атсалысып келеді.

Акция аясында қорық аумағында бірқатар игі істер жүзеге асырылды. Ең алдымен, сенбіліктер ұйымдастырылып, қорықтағы табиғи аумақтар мен демалыс орындарынан қоқыстар жиналды. Қоршаған ортаны таза ұстау – табиғи байлықты сақтаудың кепілі екенін ескерген қызметкерлер экологиялық тәртіпке ерекше мән берді.

Сонымен қатар, акция барысында таудағы бірнеше бұлақ көздері ашылып, оларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұл – жергілікті флора мен фаунаның өмір сүруіне оң әсер ететін маңызды шара болып табылады. Бұлақ көздерінің ашылуы ауызсу қорының молаюына да ықпал етеді.

Экологиялық акция аясында орман-тоғайларды тазалау, жас өскіндерді қорғау және жасыл желекті көбейту бойынша да шаралар қолға алынды. Қорық қызметкерлері мен ерікті азаматтар табиғатқа жанашырлық танытып, ортақ іске белсене қатысты.

Қорытындылай келе, «Таза Қазақстан» акциясы Қаратау қорығында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға және қоғам назарын экологиялық мәселелерге аударуға зор үлес қосты. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

«Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» РММ-сі

Экоағарту және туризм бөлімінің нұсқаушы-экскурсоводы

М.Батырбекова

1galaweb1