Бүгін Қаратау мемлекеттік табиғи қорығына 20 жыл толып отыр. Қорық Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 1 наурыздағы № 249 қаулысымен Батыс Тянь-Шань биоалуантүрлілігін сақтау жөніндегі ГЭФ/БҰҰДБ Орталық Азия трансшекаралық жобасы аясында құрылған.

Қаратау қорығының құрылуындағы басты мақсат: жойылып бара жатқан Қаратау тауының бірегей эндемигі қаратау арқарының  популяциясын сақтау мен қалпына келтіру. Сонымен қатар Қаратау тау жотасының флорасын, оның ішінде эндемик, сирек және жойылып бара жатқан ҚР Қызыл кітабына енген өсімдік түрлерін сақтау болып табылады.

Табиғат қорғау мекемесінің 20 жылдық жемісті жұмысы Қаратаудың флорасы мен фаунасының генофондын сақтауда үлкен жетістіктерге жетті. Өсімдіктердің 1221 түрі анықталды. Оның ішінде 59 түр Қызыл кітапқа енгізілді, 131 эндемді  өсімдіктер, 85- ежелгі реликттер. Сүтқоректілердің тізімі 21 түрден тұрады, оның ішінде 3 түр ҚР Қызыл кітабында:  қаратау арқары, үнді жайрасы, тас сусары. Орнитофаунасында 126 түрі тіркеліп отыр, 12 түрі ҚР Қызыл кітабына енгізілген. Омыртқасыз жануарлардың тізімі 1342 түрге дейін өсті, анықталғандар ішінен 16 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Қорық құрылған жылы Қаратау арқарының саны 38 бас болды. Ал қазіргі таңда 2023 жылғы күзгі санақтың есебі бойынша 1309 басқа жетті.

Арқар популяциясын және жалпы қорық экожүйесін сақтау табиғи объектілердің табиғи қалпына келуіне ықпал ететін ерекше қорғалатын аумақ режимін қорғау және қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады. Браконерлік факторлардың болмауының арқасында қорықтағы табиғи кешендердегі экологиялық тепе-теңдігі сақталуда, Қаратау арқарлары мен басқа жабайы жануарлардың саны артуда.

Қаратау арқары популяциясының сақталуына орай, оның саны 30 есе көбейіп, бұл түрдің Қазақстанның жануарлар дүниесінің генофондында өзінің лайықты орнын алатынын мақтанышпен айта аламыз!

1galaweb1