Күзгі маусымның алғашқы күндерінде Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының солтүстік беткейіндегі Итмұрын және Қараүңгір сайларында бірлескен ғылыми-далалық зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Зерттеу жұмысына Қаратау қорығының ғылыми қызметкерлері және «Ботаника және фитоинтродукция институты» ШЖҚ РМК қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты, жетекші ғылыми қызметкер А.А. Курмантаеваның бастамасымен мамандар қатысты.
Экспедицияның негізгі мақсаты – қорық аумағында өсетін Сиверс алмасының (Malus sieversii) табиғи популяцияларының қазіргі жағдайын, таралу аумағын, өсіп-өну ерекшеліктерін және табиғи жаңару үдерісін далалық бақылау арқылы зерделеу.
Сонымен қатар, докторлық диссертациялық зерттеу жұмыстары аясында сирек кездесетін өсімдік түрлеріне ғылыми зерттеу жүргізілді. Атап айтқанда:
🔹 Cousinia mindshelkensis B. Fedtsch. – Мыңжылқы көбенқұйрығы;
🔹 Cotoneaster karatavicus Pojark. – Қаратау ырғайы.
Зерттеу барысында аталған өсімдік түрлерінің таралу ерекшеліктері, табиғи өсетін орындары және популяцияларының жай-күйі бойынша мәліметтер жиналды.
Бірлескен экспедициялар ғылыми деректер қорын толықтыруға, сирек және эндемик өсімдік түрлерінің табиғи популяцияларын ұзақ мерзімді мониторингтеуге және оларды сақтау бағытындағы ғылыми негізделген шараларды жетілдіруге мүмкіндік береді.
🌱 Табиғи мұраны зерттеу – оны сақтаудың маңызды қадамы!







