Қазақстанның территориясында ерекше ландшафттық кешендердің - шөлдерден таулы жерлерге дейін және ішкі теңіздердің экожүйелерінің жиынтығы бар. Орталық Азия аумағында құпияларымен қызықтыратын, Ұлы Тянь-Шань жүйесінің батыс бөлігі болып табылатын – Сырдариялық Қаратаудан басқа ешбір аймақ жоқ шығар. Сырдариялық Қаратау ежелгі өсімдіктердің ерекшелігімен, эндемикалық, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерімен Қазақстанның ең қызықты және ерекше аймақтарының бірі ретінде ертеден-ақ белгілі. Ежелгі Жерорта теңізінің ландшафттары таралған бұл таулы жүйеде ерекше компоненттері мен флоралық және фауналық құрамы әртүрлі ерекше табиғи экожүйелер жиынтығы бар. Тек Қаратауда кездесетін сирек және құрып кету қаупі бар арқардың түрастыларының бірі – Қаратаудың эндемигі – қаратау арқары. Қорық құрылған кезде Қаратау арқары жойылу қаупінде еді. Қаратау арқарларының популяциясын және Сырдариялық Қаратаудың орталық бөлігінде эндемикалық түрлердің жергілікті өсетін жерлерін сақтау үшін Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы құрылды. Қорықтың аумағы шағын, ауданы 34300 га, бірақ таулы жүйесімен ерекшеленеді. Сырдариялық Қаратаудың барлық жерінде дерлік бір жотаны ажырату мүмкін емес, тек биік тау сілемі Мыңжылқы аймағында Бессаз шыңы теңіз деңгейінен 2176 метрге жетеді. Жота бойында жондар - тегіс беткейлер анық айқын көрінеді. Жотаның солтүстік-шығыс бөлігі биік құзды болып келеді, ал оңтүстік-батыс бөлігі тегіс әрі кең және олардың әрқайсысы бір-біріне паралель, ара қашықтықтары 5-6 км болатын, негізгі бағыттары солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қараған өзен сайларымен бөлінген. Қаратау жотасы толықтай ормандардың жоқтығымен, тек өзен аңғарлары мен таулардың солтүстік беткейлерінде ғана ағаш-бұталы өсімдіктердің болуымен сипатталады. Сырдарья өзенінің бассейніне жататын Байылдыр, Біресік, Хантағы өзендері қорықтың негізгі су тамырлары болып саналады. Бұлардан басқа қорық аумағында Балтабай, Жыңғылшық, Балаөзен, Қараөзен, Түйетас, Құрсай, Талдыбұлақ сияқты кіші өзендер бар. Бірақ, бұл өзеншелердің суы уақытша ғана болады. Негізінен суы жерге сіңіп, буланып кетеді. Тек тау ішіндегі бөлігінде ғана, бұлақ көздері бар жерлерде суы сақталады. Өзен аңғарлары тау арасынан шыға берістерінде кеңейіп 200-300 метрге дейін жетеді, табанының еңістігі азаяды да беткейлері жайпақтанады. Бұл өзендердің ұзындығы 25-110 км-дей болады.
Тау ландшафттары әртүрлі өсімдіктер жамылғысына ие. Таулардың флорасы мен өсімдіктер жамылғысы байлығының өзіндік ерекшелігінің себебі таудың экологиясының және тау жыныстарының күрделі рельефті, әрі литологиялық құрамының әртүрлілігімен сипатталады. Тау құрылымының басқа аумақтардан оқшаулануы онда эндемиктердің және реликтердің өмір сүруіне жағдай туғызады. Осылайша, Қаратау қорығының аумағында 131 эндемді өсімдік өседі, олардың 85 түрі ежелгі реликті өсімдіктер. Омыртқасыздардың арасында эндемдердің 37 түрі бар, олардың 19-ы - Қаратау эндемдері, ал бұл анықталған эндемді түрлердің жалпы санының жартысынан көбі (51,3%) болып табылады. Бұл көрсеткіштер қорғалатын аймақтың бірегейлігі мен өзіндік ерекшелігін растайды және қорықтың флорасы мен фаунасын әрі қарай зерттеуге негіз береді.
Қаратау қорығының директоры
С.А. Менлибеков