Сыбайлас жемқорлық – кез келген елдің дамуына кері әсер ететін, қоғамда әділетсіздік пен теңсіздікті тудыратын қауіпті құбылыс. Ол тек мемлекеттік басқару жүйесіне ғана емес, сонымен қатар халықтың әл-ауқатына, құқықтық мәдениетіне және елдің халықаралық беделіне де үлкен зиян келтіреді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Соңғы жылдары елімізде осы бағытта бірқатар нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, заңнамалық база жетілдіріліп, ашықтық пен есептілік принциптері енгізілді, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі арттырылды.

Алайда заң қабылдап қана қоймай, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру маңызды. Бұл ең алдымен отбасыдан, балабақша мен мектептен басталуы тиіс. Балалар мен жастар адалдық пен әділеттілік ұғымдарын жастайынан бойына сіңіріп өссе, болашақта сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру мүмкіндігі артады.

Әрбір азамат өз орнында адал еңбек етіп, заң талаптарын қатаң ұстанса, ешқандай парақорлыққа жол бермесе – бұл үлкен жеңістің бастамасы болар еді. Сонымен қатар азаматтық қоғам белсенділерінің, БАҚ өкілдерінің, білім беру мекемелерінің, жастар ұйымдарының да бұл істе алар орны ерекше. Олар халықты ақпараттандыру, сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсіндіру және адалдықты насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес – бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір адам осы зұлымдыққа қарсы тұруға ниетті болса, біз әділетті, ашық әрі дамыған Қазақстанды бірге құра аламыз.

Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы

РММ заңгері К.Жарменова

1galaweb1