Қоңыр күздің келуі адамдар үшін ерекше уақыт. Аңшылардың саяхатшылық құрып, құс атып, мереке жасайтын кезеңі. Ол ежелден келе жатқан өмір сүру салты екені белгілі, бірақ қазіргі кездегі аңшылық дүниежүзінде заңмен реттелетін процесс болып отыр.
Қазақстанда заңсыз аңшылық ең ауыр және көп тараған қылмыстық әрекеттердің бірі болып саналады. Сол себепті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында жануарлар дүниесін қорғау бойынша Үкіметке арнайы тапсырма берген болатын. Тапсырма негізінде браконьерлерге қатысты заң ережелері күшейтілді. Браконьерлік әрекет жасағандар заң негізінде қатаң жазаланады.Бірақ бұл туралы екінің бірі біле бермейді. Сондықтан болар, қанжығасы майланғандар аңшылықтың қызығына түсіп, Қызыл кітапқа енген жануарларды да аямайды. Бұл әрекетпен күресу үшін Қазақстан ІІМ браконьерлер қызметінің жолын кесу бойынша тұрақты түрде жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізіп тұрады.
Аса қауіпті әлеуметтік зұлымдықпен күресу үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар заңына сәйкес, Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы, Қарғалы қаумалы инспекторлары да сақтық шараларын арттыра түсуде. Жергілікті атқарушы органмен және аудандық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Қарғалы қаумалы аумағында мекендейтін жануарлар дүниесін қорғау, бағалы балық қорын сақтау, аң-құсымызды қорғау мақсатында арнайы жоспар бекітілді. Жоспарға сәйкес нақты жұмыстар жүргізіліп, аудан азаматтарына браконьерлік және браконьерлердің заң алдында қатаң жауапқа тартылатындығы түсіндірілді. Және де әрбір мемлекеттік инспектор өз аумағында үнемі шолғындау жұмыстарын жүргізіп отырады.
Табиғатымыздың әрбір жаратылысы – біздің байлығымыз. Жер бетінде қажетсіз жаралған ештеңе жоқ. Олардың барлығы қоғаммен, адамзатпен тығыз байланысты және олар біздің мейіріміміз бен қамқорлығымызға мұқтаж. Еліміздің әрбір азаматы табиғат байлығымызды қорғап, заң ережелеріне бағынса, мемлекеттік мекеме қызметкерлері қырағылық танытып, өз жұмыстарын дұрыс атқара білсе, аса қауіпті деген браконьерлікпен күресті де жеңеріміз анық.
«Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» РММ
Қарғалы қаумалы бастығы Г.Утеуов