Жыл сайын көктем мен жаз мезгілдерінің келуімен бірге өрт қауіпі күрт артады. Әсіресе ауа температурасының жоғарылауы, құрғақшылық және желдің күшеюі табиғи өрттердің жиілеуіне себеп болады. Осындай кезеңде қауіпсіздік шараларын күшейту – тек құзырлы органдардың ғана емес, әрбір азаматтың міндеті.
Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы мекемесінің өрт қауіпті кезеңге дайындығы бірнеше бағытта жүргізілуі тиіс:
- Өртке қарсы топ мүшелерін өрт қауіпсіздігі қағидалары бойынша оқыту және жаттығулар өткізу;
- Өртке қарсы техниканы, жабдықтарды және бақылау объектілерін жөндеу;
- Аншлагтар мен панноларды жаңарту, кезекшілік кестелерін түзету;
- Байланыс құралдарын(телефон, радиобайланыс) түгендеу, жөндеу және даярлыққа қою;
- Өрт сөндіру құралдарының жеткіліктілігі;
- Халықтың ақпараттандырылуы;
Көп жағдайда техника мен мамандар дайын болғанымен, халықтың сақтық шараларын сақтамауы үлкен қауіп тудырады.
Өрт қаупінің негізгі себептері
Өрттердің басым бөлігі адам факторына байланысты туындайды. Олардың ішінде:
- Орманда және далада отты абайсыз пайдалану;
- Сөндірілмеген темекі тұқылдары;
- Қоқыс жағу;
- Балалардың отпен ойнауы;
- Электр желілеріндегі ақаулар.
Табиғи факторлар да (найзағай, аптап ыстық) өрттің шығуына әсер етуі мүмкін, бірақ олардың үлесі әлдеқайда төмен.
Өртке қарсы қауіпсіздікті күшейту шаралары:
1. Ақпараттық жұмыстарды күшейту
Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Әлеуметтік желілер, БАҚ және білім беру мекемелері арқылы өрт қауіпсіздігі ережелері кеңінен насихатталуы тиіс.
2. Бақылауды арттыру
Орман және дала аймақтарында патрульдеу жұмыстарын күшейту қажет. Заң бұзушыларға қатаң айыппұл салу да тәртіпті арттырады.
3. Техникалық жабдықталуды жақсарту
Өрт сөндіру қызметтерін заманауи техникамен қамтамасыз ету, су көздеріне қолжетімділікті арттыру – өртті тез сөндіруге мүмкіндік береді.
4. Елді мекендерді қорғау
Ауылдар мен қалалардың маңындағы құрғақ шөптерді тазалау, өртке қарсы жолақтар жасау маңызды.
5. Азаматтардың жауапкершілігін арттыру
Әр адам табиғатта демалған кезде немесе үйінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы тиіс: отты қараусыз қалдырмау, қоқысты арнайы орындарда ғана жағу, электр құралдарын дұрыс пайдалану.
Өрт – алдын алуға болатын апаттардың бірі. Ол үшін жүйелі дайындық, қатаң бақылау және әр азаматтың саналы әрекеті қажет. Егер әрқайсымыз қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтасақ, үлкен апаттардың алдын алуға болады. Өрт қауіпті кезеңге дайын болу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
«Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы»
РММ-нің директоры
К.С. Оразымбетов







