Табиғаты бай, әрі кең байтақ қазақ даласында жануарлардың көптеген өкілдері таралып, тіршілік етуде. Қаратау жотасы ежелгі әрі әсем табиғи көріністердің бірі. Бұл өңір археологиялық және этнографиялық ескерткіштерге бай. Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы қарт Қаратау жотасының орталық бөлігінде 34300 га жерді алып жатыр. Қорықтың флорасы мен фаунасы алуан түрлілігімен бағалы.

Қорық құрылғалы бері оның аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Териофаунаны зерттеу барысында сүтқоректілердің 21 түрі анықталған. Соның ішінде 3 түрі Қазақстан Республикасының Кызыл кітабына енген, олар: қаратау арқары, тас сусары, үнді жайрасы.

Қаратау арқары (Ovis ammon nigrimontana), құлжалардың  басы үлкен және орала біткен қошқар мүйіздері болса, саулықтарының денесі жинақы, мүйіздері жіңішке, қысқа, сәл ғана артқа қайырылған. Тері жамылғысы қылшық пен түбіттен тұрады. Түсі ақшыл-қоңыр немесе сұршыл-қоңыр аралығында алмасып отырады. Бауыры – ақшыл. Арқарлар суаттары бар, азығы мол, ешкім мазамалайтын, үрей туғызбайтын мекендерде тұрақты қоныстайды. Қорегі – бұталар мен шөптесін өсімдіктер. Қазан-қараша айларында күйге түсіп, 160-165 күн буаз болып, наурыздың аяғында төлдей бастайды. Төлдейтін жерлері тау шатқалдары мен жыралар. Жаңа туған қозылардың салмағы 4,5 кг шамасында болады.

Тас сусары (Martes Foina) – құлақ қалқаны жалпақ, дөңгеленген, ұшы үшбұрышты. Денесінің түсі-бурыл, қара қоңыр. Тамағының дағы ақ түсті. Інін тас қуыстары мен жарықшақтарының арасына, ағаштардың қуыстары мен тамырларының арасына салып, тұрақты тіршілік етеді. Қорегі – майда сүтқоректілер мен құстар, жәндіктер және жемістер (долана,алма сияқты жемістер). Бұл жануардың белсенділігі негізінен кешке немесе түнде байқалады, қыста күндізде белсенділік танытады.

Үнді жайрасы (Hystrix indica) – кемірушілердің ішіндегі ең ірісі. Денесін түктер мен сояу қаптап жатады, олардың ұзындығы 30 см-ге жуық.  Денесінің алдыңғы бөлігін қыл қаптайды да бүйірлері мен арқасына сояулар өсіп шығады. Негізінен шөлейтті және таулы жерлердегі тастың сатыланған қойнауларында және қалың бұталардың арасында мекен етеді. Күндіз ұзындығы 10 метрге дейін жететін індерінде немесе үңгірлерде жатады. Үйреншікті мекен жерінде тұрақты қоныстайды. Жайралар негізінен түн жануары. Қысқы ұйқыға жатпайды, бірақ  белсенділігі төмендейді. Негізгі қоректері: балауса шөп, өсімдіктердің жуашығы, түйнектері, жемістері және ағаштар мен бұталардың тұқымдары: долана, итмұрын, өрік, қарбыз, асқабақ, жүгері де олардың сүйіп жейтін жемі. Қыста бұталардың қабығы мен өсімдіктердің тамырсабақтарын кеміреді.